18 сәуір күні Астана қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Іс-шара аясында Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасы шеңберінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері қаралды. Отырысқа жұмыс тобының құрамына енген ПҚО қызметкерлері де қатысты. Кездесуге қатысушылар балалар қауіпсіздігі, соның ішінде интернет қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, сапалы және инклюзивті білім беру, әлеуметтік қорғау, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, сондай-ақ балалардың спортпен және шығармашылықпен айналысу мүмкіндіктері сияқты маңызды салалар бойынша ұсыныстар әзірледі.
Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар жүйеленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталып, «Қазақстан балалары» бағдарламасының мазмұнына енгізілетін болады. Бұл шара еліміздегі әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне, олардың құқықтарының жан-жақты қорғалуына бағытталған нақты қадамдарды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

