2025 жылғы 29 қазанда Астана қаласында ерекше жылулық пен қуанышқа толы күн болды! Астана қаласы Білім басқармасы мен «Психологиялық қолдау орталығының» ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында қамқоршылар мен патронат тәрбиешілерге арналған Қамқоршы күні мерекесіне орай «Мейірімді жүрек – жанға шуақ!» атты концерттік бағдарлама өтті.
Кешке Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары С.Т. Адылбаев қатысып, балаларға қамқор болып жүрген жандарға шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Әкелер Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Б.Н. Күзембай жылы лебізін арнады.
Мерекелік көңіл-күйді №2 Өнер мектебінің шығармашылық ұжымы одан әрі әсерлендіріп, өз өнерлерін тарту етті. Көрермендер әсем ән мен би, шабытқа толы көріністер арқылы нағыз рухани қуат алды.
Бұл күн қамқоршылар мен патронат тәрбиешілердің еңбегін құрметтеп, балаларға деген мейірім мен махаббаттың қоғамдағы орны қандай маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.

